Қазақстанда білім беру қалай өзгеруде: Digital Almaty 2024 панельдік сессиясының қорытындысы

Қазақстанда білім беру қалай өзгеруде: Digital Almaty 2024 панельдік сессиясының қорытындысы

2024.02.20

Digital Almaty 2024 халықаралық цифрлық форумының «Индустрия 4.0 үшін білім беру: Цифрлық болашақ үшін кадрлар даярлау» панельдік сессиясы шеңберінде қазақстандық студенттердің білім алу бағдарламасына ЖИ және DeepTech енгізу мүмкіндіктері, нақты уақыт режимінде оқу бағдарламаларын жаңғырту және әлемдік білім беру платформаларымен ынтымақтастық нәтижелері талқыланды.

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің төрағалығымен сессияға қатысушылар Төртінші өнеркәсіптік революция контексінде білім беру жүйесінің алдында тұрған сын-қатерлер мен мүмкіндіктердің негізгі аспектілерін талқылады.

Іс-шара барысында спикерлер білім беру бағдарламаларын жақсартуға, интерактивті платформалар мен онлайн-курстарды енгізуге, сондай-ақ технологиялық инновацияларға бағытталған жаңа оқу модульдерін әзірлеуге бағытталған кадрлық жаңғыртуға қатысты көзқарастарымен және практикалық стратегияларымен бөлісті.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек оқу бағдарламаларының өзектілігін және кадрларды сапалы даярлауды қамтамасыз ету үшін білім беру бағдарламалары мен әдістемелерін цифрлық экономиканың жаңа талаптарына бейімдеудің маңыздылығын айрықша баса айтты. Министр білім беру мекемелері мен технологиялық флагмандар арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың артықшылықтарын атап өтті, себебі бұл білім беру сапасының өсуін қамтамасыз етіп қана қоймай, түлектердің қазіргі заманғы еңбек нарығының талаптарына бейімделуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Өткен жылы біз білім беру өнімдерінің мазмұнын, оның ішінде оқу ұзақтығын 92%-ға дейін өзгерте отырып, мемлекеттік стандартты толығымен «бұздық». Мен Huawei компаниясына ерекше алғыс айтқым келеді – бүгінгі таңда біз 14 ЖОО-да жасанды интеллект бойынша AI-Literacy курстарын іске асыруды бастадық. Келесі жылдан бастап біз оларды барша студенттер үшін міндетті ету туралы шешім қабылдадық, осылайша барлық университет студенттері жасанды интеллект саласында негізгі сауаттылыққа ие болса дейміз. Huawei компаниясының ҒЗТКЖ саласындағы зерттеулері мен саясаты ең озық, сондықтан біз еліміздің 50 университетінде 50 Huawei сандық зертханасын ашу туралы Huawei-мен келісімге қол қойдық. Өткен жылы біз 33 зертхана аштық, биыл тағы 11 ашуды жоспарлап отырмыз. Huawei Қазақстанда өзінің өңірлік ғылыми-зерттеу орталығын ашады деп үміттенемін», - деп атап өтті Саясат Нұрбек өз сөзінде.

IDC Вице-президенті Андрей Беклемишев инновациялық технологиялар орталықтарын оқу процесіне интеграциялаудың маңыздылығын және болашақ түлектердің білімін өзектендіру қажеттілігін атап өтті. Сарапшы көптеген әлемдік университеттер студенттерге озық технологияларға қол жеткізу, практикалық тәжірибе және өз саласындағы жетекші компаниялармен ынтымақтастық арқылы инновациялық ортада өз дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін мамандандырылған орталықтар құратынын атап өтті. Беклемишевтің айтуынша, еңбек нарығының талаптарына икемді жауап беретін және түлектерге өзекті цифрлық білім беретін білім беру жүйесін құру қазақстандық түлектерді Индустрия 4.0 дәуірінде табысты мансап үшін қажетті дағдылармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Панельдік сессияда талқыланған негізгі тақырыптардың бірі жас кадрларды жұмысқа орналастыру мәселесі болды. Сарапшылар жағдайды өзгертуге мүмкіндік беретін бірқатар факторларды атап өтті, олардың қатарына білім беру бағдарламаларын қазіргі еңбек нарығының қажеттіліктеріне бейімдеу, жастар арасындағы кәсіптік бағдарлау процестерін жақсарту, сондай-ақ цифрлық индустрия көшбасшыларының білім беру мүмкіндіктеріне қызығушылықтарды ынталандыру кіреді. Мысалы, Huawei сияқты АКТ алпауыттарының тағылымдамаларға, тренингтерге және оқу конкурстарына қатысу болашақ түлектердің алдында білім алу мүмкіндігін де, компанияда одан әрі жұмысқа орналасу мүмкіндігін де ашады.

«Huawei компаниясында бүкіл әлем бойынша 200 000-нан астам қызметкер жұмыс істейді және жыл сайын бізге мыңдаған мамандар қосылады. Бұл Huaweiдің озық технологиялармен жұмыс істегісі келетін жас таланттар үшін өте тартымды компания екендігімен тығыз байланысты. Біз өзіміз бар елдерде оқу орындарын ашу арқылы сол елдерге өз үлесімізді қосуға тырысамыз. Мысалы, қазақстандық кеңседе Қазақстандағы Huawei АКТ-Академиясына барған қызметкерлер жұмыс істейді. Олар АКТ саласында байқаудан өтті, содан кейін Huawei компаниясына жұмысқа орналасты, өйткені компания олардың таланттарының әлеуетін көрді»,- деп атап өтті Huawei компаниясының Таяу Шығыс және Орталық Азия мемлекеттік секторының аға вице-президенті Сафдер Назир.

Digital Almaty 2024 халықаралық цифрлық форумының панельдік сессиясы Индустрия 4.0 жағдайында табысты жұмыс істей алатын және Қазақстанның цифрлық экономикасының дамуына елеулі үлес қоса алатын кадрларды даярлаудың тиімді жүйесін құру үшін білім беру мекемелері, мемлекеттік органдар мен корпорациялар арасындағы диалогтың маңыздылығын атап өтті.